Оралда өткен бос орындар жәрмеңкесіне 7500-дей адам қатысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен, қала әкімдігінің қолдауымен 28 ақпан күні бос орындар жәрмеңкесі өткізілді.

Оған облыс орталығындағы 150-ден астам жұмыс беруші ірі мекеме-ұйымдар қатысып, 767 бос орынды ұсынды. Жәрмеңкеге жұмыс іздеген 7500-дей тұрғын келді.

Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары бос жұмыс орындары жөнінде мәліметтермен қатар кеңес берді.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төкешеваның айтуынша, қазіргі кезде 1256 жұмыссыз есепте тұр. Жыл басынан бері 56 мүгедек жұмысқа орналасу жөнінде өтініш білдірсе, соның 11-і өз орнын тапты. Бүгінгі жәрмеңкеге келгендердің 10 пайызы еңбекке орналасса, соның өзі үлкен жетістік болмақ.