ОРАЛ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен ғасыр басындағы ұлттық интеллигенцияның тарихтағы рөліне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков атап өткеніндей, кезінде большевиктік режим автономия жөніндегі мәселені іске асырғанымен, қазаққа егемендік берген жоқ. Бұл тек қағаз жүзінде ғана қалды. Осындай сәтте бірқатар зиялылар шындықты айтып, ел болашағы үшін жан-тәнімен күресе білді. Бұл мәселе әлі де толық зерттелуі керек.
Жиында тарихшылар ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары, олардың ұлттық сананы оятуға қосқан үлесі туралы ойларын ортаға салды. Мәселен, Алаш қозғалысы жөнінде кеңінен пікір айтылды. Пленарлық мәжіліс секциялық отырыстарға жалғасып, ғылыми баяндамалар тыңдалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).