Оралда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті

«AMANAT» партиясы БҚО филиалы ғимаратының залында «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының (авторлары Санжар Керімбай мен Әділбек Нәби) таныстырылымы болды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ғайсағали Сейтақ

Салтанатты рәсімде жаңа кітаптың тұсауын мәдениет саласының ардагерлері Сара Танабаева, Құжырғали Төлеуішев және педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бахишева кесті.

Осындай құнды кітаптардың шығуына мұрындық болып жүрген «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін салушы заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті көзі қарақты, оқыған-тоқығаны, қазақ мәдениетінен хабары бар көпшіліктің жақсы білетінін жеткізді.

«Кітаптың атауына зер салайық. Мәдени майдан қай кезде де жүріп жатыр. Тәуелсіздік алғаннан бері де жастарымыз сол мәдени майданның құрбаны болды деуге негіз бар. Бұрын бір елдің мәдени экспанциясына тап болсақ, қазір бірнеше елдің, неше түрлі діни ағымдардың шабуылын бастан кешіріп жатырмыз. Міне, сондықтан да өз тарихымызды түсініп, мәдениетімізді қорғап қалу үшін бұл кітаптың маңызы өте-мөте зор», - деді А.Құспан.

Кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық архивінің тұңғыш директоры Рысты Сариева да сөз алды. 

«Тарихи Бөкей ордасы ауданының тумасы болғаныммен, 24 жасымда тұрмыс құруыма байланысты елден жырақ кетіп, Торғай облысында қызмет атқардым. Міне, сол кезде Өзбекәлі Жәнібекұлымен жұмыстас болдым, қамқорлығын көрдік. Біз сол кісінің тәрбиесін алып, қазақ халқының мәдениетін, арғы-бергі тарихын құрметтеуді үйрендік. Торғай облысында қазақ драма театрын, атағы талай жерге жайылған «Торғай әуендері» ансамблін, өлкетану музейін ашқан сол кісі еді. Өзі шақырған әртістердің, басқа да өнер адамдарының жағдайын жасады. Қызметкерлермен бірге ұйқтамай, музейдің әрлеуіне өзі атсалысты. Еңбекқор деп соны айт, жанашыр деп соны айт! Қазақтың көне бұйымдарын, киіз, кілем, алашаларына дейін жинады. Этнограф, суретші ретінде ою-өрнектерді өз қолымен салды. Кейін Өзағаңның қоластында Қазақстан Орталық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін де атқардым», - деді ол.

Бұдан кейін кітап авторларының бірі, шығыстанушы Санжар Керімбай «Өзбекәлі және мәдени майданның» қалай жазылғанына жан-жақты тоқталды. 

«Осы кітапты жазу барысында көптеген адамдарға жолығып, Өзағаң туралы талай сырға қанықтым. Кітапханада отырып, деректерді ақтардым. Өзбекәлі Жәнібектің ұлтқа, мәдениетке, тарихқа деген құштарлығының қайдан бастау алғанын сезіне түстім. Ол кісінің кішіпейілділігі сондай, «Тағдыр тағылымы» атты кітабында өзі туралы көп нәрсені айтпай кеткен екен. Міне, соның орнын толтыруға тырыстық. Мұндай кітапты оқып, ғибрат алу, әсіресе, жастар үшін керек», - деді С.Керімбай.