Оралда өзге ұлт өкілдері арасында жас домбырашылар байқауы мәреге жетті (ФОТО)
«Тіл - татулық тірегі» айлығы аясында ұйымдастырылған өнер додасына облыс аудандары мен Орал қаласынан 15 үміткер қатысып, бақ сынады. Олар байқау шарты бойынша қос күймен қоса қазақ тілінде екі ән орындады.
Сайыс қорытындысында Құрманғазы атындағы музыка колледжінің шәкірті Наргиз Қасымова бас жүлдені жеңіп алды. Д.Нұрпейісова атындағы №1 музыка мектебінің оқушысы Мария Гладкова бірінші, осы білім ордасынан Дильназ Мұстафаева мен Зеленов ауданынан келген Виталий Мигалев екінші, зеленовтықтар Полина Ищенко, Полина Сармина, теректілік Илья Панченко үшінші орындарды иеленді.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Жігерлі жастар» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Асқар Кенжеғалиевтің айтуынша, алдағы уақытта Оралда Достық үйі ашылған кезде өзге ұлт балаларын домбыраға үйрету мүмкіндігі артады. Сонда байқауды дәстүрлі түрде өткізумен бірге республикалық деңгейге көтеруге болады. Бұл қазақтың өнері мен тілін насихаттаудың бір жолы болмақ.