ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда панкратионнан кадеттер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан кубогының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аралас жекпе-жек пен панкратионнан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Серік Қартабаевтың айтуынша, додаға Қазақстанның Жамбылдан басқа облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 300-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады.
Финалдық сайыстар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің спорт залында өтті.
Құрметті қонақтар ретінде UFC жауынгерлері Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов қатысты.
Жарыс қорытындысында Маңғыстау облысының командасы жеңімпаз атанды. Батысқазақстандықтар екінші, шығысқазақстандықтар үшінші орынға көтерілді.
«Жеңімпаздардан Қазақстан құрамасы жасақталып, әлем чемпионатына дайындалатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Қартабаев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).