ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда полиция автокөлігі 21 жастағы қызды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Блогер Айболат Бөкенов facebook парақшасында жариялағандай, оқиға кеше түнде Зачаган кентінде «Молодежная» аялдамасы тұсында болды.
Борттық нөмірі 174, мемлекеттік нөмірі 614 KP 07 патрульдік полиция автокөлігі жолдан өтіп бара жатқан қызды қағып кетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдемге сағат 21.58-де қоңырау шалынды. Бригада 22.05-те жетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1998 жылғы қыз зардап шекті.
«Қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген қыздың жағдайы ауыр. Бас пен мидың ашық жарақатын алған оған ота жасалған. Қазір жансақтау бөлімінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Әзірге Полиция департаменті оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).