ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында пара алған полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментімен бірлесе отырып, көші-қон қызметі басқармасы қызметкерін пара алу үстінде қолға түсірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 366-бабына (пара алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
БҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, полиция қызметкері 500 мың теңге пара алу үстінде ұсталған.
Сот қаулысымен ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 139-бабына сәйкес күдікті 10 күн мерзімге қамауға алынды.
Қазіргі кезде тергеу жалғасуда, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ер адамның мылтық атып, үш ауылдасын жарақаттағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).