Оралда полиция қызметкері әріптесіне пышақпен шабуыл жасады

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда полиция қызметкері әріптесіне пышақпен шабуыл жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 маусым күні Н.Назарбаев даңғылы мен А.Құсайынов көшелерінің қиылысында болды.

Сағат 16.00-де департаменттің кезекшілік бөліміне «WhatsAapp» әлеуметтік желісінде бейнежазбаның таралғаны жөнінде хабар түскен. Онда тоқтап тұрған «Хундай Туксон» автокөлігінде азаматтық киім киген белгісіз біреулердің автокөлік рулінде отырған полиция қызметкеріне күш көрсетіп жатқаны жазылған. Кісілер жиналып қалғандықтан ба, алдыңғы орында отырып, пышақпен күш көрсеткен адамның да машинадан шығып, қашып кеткені анық көрінеді.

Бейнежазбаны тексере келгенде, төбелескендердің екеуі полиция қызметкері екені анықталды. Олардың бір-біріне өшігуі салдарынан аяқ астынан жанжал туындаған.

Аталмыш дерек тіркеліп, сол бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиға бойынша толық мәліметтің прокуратураның келісімімен кейін берілетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар