Оралда Президенттік шырша жақсы ұйымдастырылды

None
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Президенттік шырша өтті. Мерекелік шыршаның шамдарын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жақты.

Мерекелік кешке Орал қаласы мен барлық ауданнан жалпы саны екі жүздей жас өрен қатысты. Олар - жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары арасынан үздік білімі мен үлгілі тәртібімен таңдалған оқушылар.

Экраннан Елбасының балдырғандарға арналған жаңажылдық бейне құттықтауы берілді. Оны балалармен бірге тыңдаған соң облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасының құттықтау хатын да оқып берді.

Бұл дәстүрлі жаңажылдық кеш биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналды. Небір-небір ертегі кейіпкерлері қатынасқан түрлі қойылымдарды театр актерлері одан сайын әрлендіріп жіберді.

Кешке қатысқан әр бала Президенттің жаңажылдық сыйлығына ие болды. Жалпы құны алпыс мың теңге болатын сыйлық жиынтығында әр түрлі қысқы және спорттық киімдер, мектеп сөмкесі мен тәттілер бар.

Сондай-ақ балалар қаланың көрікті жерлерімен танысып, олар үшін «Дарын» орталығында ойын-сауық бағдарламалары, би кеші ұйымдастырылды.