ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 7 шілде күні шамамен сағат 05.18-да ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының қызметкері Ғалымжан Мыңжасаров мас күйінде «Toyota Camry» автокөлігінің рөліне ие бола алмай, Ш.Айталиев көшесі бойында Орал қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратына қарсы беттегі жаяу жүргінші өткелінің жол белгісін қағып кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Басқарма бастығы, полиция подполковнигі Мирлан Әйкеновтің айтуынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік пен «Жайық жарығы» ЖШС-ына залал келтірілген. Аталмыш автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Жол-көлік оқиғасы бойынша материал жинақтау кезінде прокуратура қызметкері тарапынан қарсылық болған жоқ.
Аталмыш іс 11 шілде күні Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, Ғ.Мыңжасаров ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 3-бөлігіне сәйкес 5 жылға және 611-бабы 2-бөлігіне сәйкес (оқиға орнынан бой тасалау) 1 жылға, барлығы 6 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
«Жайық жарығы» ЖШС-ына келтірілген залал өтелді.
Айта кетейік, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармадан түскен мәліметке қарағанда, Ғ.Мыңжасаров сол күні-ақ қызметінен босатылған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).