Оралда прокуратураның араласуымен 3,5 млн-нан астам теңге мемлекет пайдасына өндірілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Прокурорлық наразылық нәтижесінде бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгертіліп, мемлекет пайдасына 3,5 миллионнан астам теңге өндірілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен «Астра Трейд Компани» ЖШС 2015 жылдың 17 қаңтарында және сол жылдың 8 қарашасында құбыр өнімдерін жеткізу бойынша тендерлерді өткізу кезінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясымен бәсекелестікке қарсы келісім жасау дерегі бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 159-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Сот «Астра Трейд Компани» ЖШС-ға 4 923,602 мың теңге монополистік түсімді тәркілеу арқылы кірістің 3 пайызы көлемінде 611,296 мың теңге айыппұл салды. Орал қаласы прокуратурасы екі шарттың жалпы құнынан емес, тек бір шарттың құнынан есептеп салынған айыппұл көлемімен келіспей, БҚО сотына апелляциялық наразылық келтірді.

БҚО сотының апелляциялық алқасы прокурордың наразылығын қанағаттандырып, бірінші сатыдағы сот қаулысымен салынған айыппұл көлемі 611,296 мың теңгеден 4 174,886 теңгеге дейін ұлғайтылды. Сөйтіп 3 563,590 мың теңге көлемінде мемлекет мүддесі қорғалды.