ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін таңда «Променад» сауда үйі өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, Сырым Датұлы көшесі 21-мекенжайында орналасқан үш қабатты «Променадтағы» өрт жөнінде сағат 05.50-де хабар түскен.
Ғимараттың 2-қабатындағы «Еркемай» дүкенінде ойыншықтар мен жақтаулар жанған. Өрт аумағы 80 шаршы метрді қамтыды.
Алдын ала мәліметке қарағанда, от өрт сөндіру автоматты қондырғысын монтаждау кезінде пісіру жұмыстарын жүргізгенде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудан шыққан.
Оқиға орнында 14 техника болып, жеке құрамнан 34 адам жұмыс жасады.
«Тілсіз жау» 06.28-де оқшауланып, 07.20-да ауыздықталды.
Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар мен келтірілген шығын анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).