Оралда Ресейдің екі азаматын өлтірген күдіктілер қамауға алынды

ОРАЛ. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда Ресейдің екі азаматын өлтірген күдіктілер қамауға алынды.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен 23 ақпан күні түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға былайша өрбіген. 17 ақпан күні Орал қаласының тұрғыны Ресей Федерациясының Рязань қаласынан келген туысқандарының іс-түзсіз жоғалғандығы жөнінде Орал қаласының ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөліміне шағымданған. БҚО ІІД тергеу басқармасы аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Өтеш Әбуғалиевтің мәлімдеуінше, аналы-балалы рязаньдықтар Орал қаласына мұраға қалдырылған пәтерді сату үшін келген екен. Сол қайғылы оқиға болатын күні олар телефон арқылы сөйлесіп жүрген сатып алушылармен кездесуге кетіпті. Бірақ сол кеткеннен қайтып оралмаған, ізім-қайым хабарсыз кеткен. Күте-күте төзімі таусылған туысы бір жамандықтың болғанын іші сезгендей, ертесіне құқық қорғау органына хабарласқан.

18 ақпан күні полиция қызметкерлерімен аталған факті бойына ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Келесі күні жедел тергеу іс-шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Орал қаласының төрт тұрғыны қолға түсті. Аталған күдіктілердің Ресей азаматтарын пәтерді иелену үшін өлтіргені белгілі болды. Олар пәтер сатылатындығы жөнінде жарнаманы газеттен көріп, сатып алушылар кейпінде пәтер иесіне хабарласқан. Яғни, өздерінің жымысқы әрекетін бүге-шігесіне дейін алдын ала жоспарлағанға ұқсайды. Уағдаласқан уақытында пәтер иелерімен кездескен бойда қарумен қорқытып, көлікпен қаладағы нотариустардың біріне алып келген. Сол жерде анасын кепілдікке алған. Ал мұрагерлікке қалдырылған пәтер иесі болып табылатын баласын нотариуске кіргізіп, сатып алу-сату туралы келісімшартқа қол қойдырған. Одан әрі жәбірленушілерді Оралдағы темір жол маңындағы адам көп жүрмейтін жерге апарып, қылғындырып өлтірген. Адам қанын мойнына жүктеуден тайынбаған «төртеу» мүрделерді Зеленов ауданына қарасты Щапов ауылының маңындағы орман алқабына апарып, қалың қарға жасырған. Жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары күдіктілерді алаяқтық жолмен қол жеткізген пәтер орналасқан тұрғын үйдің қасынан қолға түсірген. Ұйымдасқан топтың барлық мүшелері де Орал қаласындағы кафелердің бірінде жұмыс жасайтын көрінеді. «Төртеудің» үлкені 1985 жылы туылған болса, ең жасы 1992 жылы дүниеге келген.

Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша соттық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.