Оралда ресейлік делегацияның қатысуымен Жайық өзенінің жай-күйі талқыланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда ресейлік делегацияның қатысуымен Жайық өзенінің экологиялық жай-күйі және оның келешегі мәселелерін талқылауға арналған кеңейтілген отырыс болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өткен жылдың қазанында Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ аймақаралық ынтымақтастығы форумында үкіметаралық деңгейде трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісімге қол қойылғаны мәлім. Бұл құжат көп жылғы тығыз байланыстың жемісі болып табылады. Осы орайда толық түсіністік танытып келе жатқан Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг пен РФ Федеральдық жиналысы Мемлекеттік думасының депутаты, ТМД елдері істері, еуразиялық ықпалдастық және отандастармен байланыстар жөніндегі комитет мүшесі Юрий Мищеряков бастаған көршілес өңір делегациясына алғыс айтқымыз келеді. Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі үш бірдей шақырылымының депутаты, қазіргі кезде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Елена Тарасенко жиырма жыл бойы жетекшілік етіп келе жатқан Жайық өзені бойымен қазақстандық-ресейлік экспедициясының қосқан үлесі мол. Бүгінгі отырыс тоғыз халықаралық құжатқа негізделген аталмыш келісімді жүзеге асыру тетіктерін пысықтау мен жетілдіруге арналып отыр.

Жиында айтылғанындай, соңғы кезде Жайық өзенінде су тапшылығы айқын сезілуде. Оған қоса өзен ластану үстінде. Соның ішінде ауыр металл мен хромның қалыптан артық жинақталуы байқалуда. Сондықтан Жайық өзенін бұрынғы қалпына келтіру - екі ел үшін де ортақ мәселе. Қос мемлекеттің үкіметі деңгейіндегі саяси шешімнің қабылдануы үшін жиырма жылдай уақыт кетсе, енді нақты іс керек. Өзеннің арнасын тазартып, түбін тереңдетумен іс бітпейді. Мәселеге кешенді түрде келу керек. Осы орайда өзенге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру, түбегейлі ғылыми зерттеулер жүргізу, өзен жағалауын тазарту ісіне «Жасыл ел» қоғамдық қозғалысын қатыстыру туралы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ Жайық күнін белгілеу туралы бастама да қолдау тапты. Бұл ретте Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг оны тікелей Жайық өзенінің жағалауында өткізуді ұсынды.