Оралда рухани келісімнің ел бірлігіне бастар жол екені аталып өтілді (ФОТО)
БҚО дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саялбек Ғиззатовтың атап өткеніндей, 1992 жылы Елбасының қатысуымен Алматыда өткен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен бастау алған аталмыш мереке Қазақстандағы 130-дан астам ұлт өкілдерінің, сондай-ақ түрлі діни конфессиялардың жарасымын арттырып, ел бірлігін нығайтуға септесіп келеді. Өңірде күні бүгін 74 діни бірлестік, 9 конфессия қызмет етуде. Басты міндет - ұлтына, нендей діни наным-сенімді ұстанатындығына қарамастан, олардың бәрін де татулық туы астында, ортақ мақсат жолында өмір сүруге үндеп, ырыс-ынтымағын байыта білу. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаһандық қатерлерден сақтану қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазіргі уақытта ұлт және дінаралық қақтығыстар аз болып жатқан жоқ. Әсіресе, Сириядағы соғыс күллі әлемді алаңдатуда. Кейбір қазақ жастарының жат ағымдарға ілесіп, шет елдегі шайқастарға қатысуы барша отандасымызды ойландыруы керек. Діни экстремизм мен лаңкестікке тосқауыл қоюда барлық ұлт өкілдері арасындағы рухани келісімді сақтаудың маңызы зор. Ең бастысы, қоғамда ізгілік, имандылық, адамгершілік, мейірімділік, өзара түсіністік сияқты ұғым-қасиеттер салтанат құруы тиіс. Сонда ғана Елбасымыз «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, «Мәңгілік ел» идеясын ұстанған Қазақ елі тәуелсіздігін ешқашан да жоғалтпайды.
Жиында сондай-ақ Орал қалалық мешітінің имамы Әлемхан Тұрлыбеков, Оралдағы рим-католик шіркеуінің басшысы Петер Сакмар, «Ламед» еврей этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Феликс Баюканский және басқалары рухани келісімді нығайтудағы өз ой-толғамдарымен бөлісті.
Шара соңында облыс тұрғындарына арналған үндеу қабылданып, діни бірлестіктер өкілдері Д.Қонаев атындағы саябақта ағаш отырғызды.
Өңірде Рухани келісім күніне арналған басқа да шаралар өтуде.