ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында сабаққа келген 10-сынып оқушысы қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 4 қазан күні таңмен Зачаган кентіндегі №10 жалпы орта білім беретін мектебінде болды.
«2007 жылғы ұл бала сағат 07.45-те мектепке келген. Сынып оқушыларымен бірге сабаққа дейін дәлізге шығып, сөйлескен. Сосын 08.00-де сынып бөлмесіне кірген. Балалардың барлығы орындарына отырып, сабаққа дайындалып жатқан кезде ол отырған жерінде құлаған. Сол мезетте жедел жәрдем шақырылғанымен, жасөспірімді құтқарып қалу мүмкін болмады», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиғаны растап, жедел жәрдемнің сағат 08.09-да шақырылғанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік қағып кеткен 3 оқушы қыздың ауруханада жатырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).