Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, Орал қаласының 1996 жылғы тұрғыны оқымайды және еш жерде жұмыс жасамайды. Оның түсіндіруінше, баланы 9 маусым күні қала перзентханаларының бірінде дүниеге келтірген. Жеке себептерге байланысты сәбиін балалар үйіне бергісі келген. Әйтсе де 4-шағынауданнан ол үйді таба алмағаннан кейін салынып жатқан коттеджге тастап кеткен.
Бұл оқиға туралы оның тума-туысқандары білмеген. Өйткені қыз аудандардың біріне кетіп, «қонақтамын» деп өтірік айтқан.
ҚР ҚК 119-бабы 1-бөлігіне сәйкес (қауіпті жағдайда қалдыру) аталған қылмыстық іс-әрекеті үшін қызға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе түзету жұмыстарына жегілуі иә болмаса 45 тәулікке қамалуы мүмкін. Егер сәби зардап шеккенде, осы баптың 2-бөлігіне сәйкес жазасы ауырлап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.
Еске сала кетейік, 26 маусым күні кешкісін 4-шағынаудандағы № 24 орта мектеп ғимараты жанында салынып жатқан коттеджден сәби табылып, ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған болатын. Сәбидің дені сау, жағдайы қалыпты.