ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында таяу уақытта сорғы стансасын су басатындықтан, салқын су беру тоқтатылатыны жөнінде жалған ақпарат тарап жатыр.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлеуметтік желіде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат көптеп таралуда.
«Қазіргі таңда Орал қаласында сумен қамтуды және ағынды суларды бұруды қамтамасыз ететін барлық технологиялық жабдықтар қалыпты жұмыс істеуде. Орал қаласы 2 көзден – Жайық өзенінен және Орал жерасты су кен орнынан алынатын сумен қамтылады. Сорғы стансасы мен су тазарту құрылымдары кешені аумақтарын су басудан қорғау үшін бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді. Орал қаласы тұрғындарын дүрбелеңге салынбай, ресми ақпаратқа назар аударуын сұраймыз», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда бір тәулікте 13 сантиметрге көтерілгенін жазған едік.
Орал қаласы әкімдігі қауіпті аймақ тұрғындарына көшуге дайын болу керектігін ескертті.
Орал түрмесінде сотталушылар еліміздің басқа өңірлеріне көшірілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).