ОРАЛ. ҚазАқпарат - 26 маусым күні кешкісін 4-шағынаудандағы № 24 орта мектеп ғимараты жанында салынып жатқан коттеджден сәби табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен алдын ала мәліметке қарағанда, аталған нысанның күзетшісі баланың даусын естіп, сол жерге барғанда, үстінде көгілдір конверті бар, одеялоға оралған сәбиді көрген. Күзетші цемент үстінде жатқан шақалақты көтеріп алып, сол маңда серуендеп жүрген әйелден жедел жәрдем мен полицияны шақыруын өтінген. Сәби облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы іздестіру жұмыстарына кірісті. Сақшыларға жәрдемдескен Дик есімді қызметтік ит кинологты 30/2 мекенжайындағы үйге алып барған. Сол маңдағы үйлердің пәтерлері де қаралды.
Қазіргі кезде баланы тастап кеткен адам әлі табылған жоқ, бірақ іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).