Оралда самбодан ҚР V жазғы спартакиадасы мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда самбо мен жауынгерлік самбодан ҚР V жазғы спартакиадасы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрт жылда бір рет өтетін айтулы додаға республика өңірлерінен 16 команда құрамында 235 самбошы қатысып, бақ сынады.

Екі күнге созылған жарыс қорытындысында жалпы есепте БҚО құрамасы жеңімпаз атанды. Атыраулықтар екінші, қарағандылықтар үшінші орынға ие болды. Ақтөбеліктер төртінші орынға табан тіреді.

Соның ішінде әйелдер арасында Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы облысы, ерлерден БҚО, Атырау, Ақтөбе, жауынгерлік самбодан БҚО, Қарағанды, Атырау үздік үштіктен табылды.

Жарыстың бас төрешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асылбек Құлмағамбетовтің айтуынша, спартакиаданың деңгейі жоғары болды.

«Батыс Қазақстан облысы самбодан өзінің мықты екендігін тағы да танытты. Мұнда КСРО кезінен бері күрестің осы түрінің жақсы дамығаны белгілі. Міне, сол дәстүрді кейінгі буын жалғастырып келеді. Биыл самбодан әлем чемпионаты қараша айында Сеулде өтеді. Соған байланысты бас бапкер Қайрат Шаңғараев бастаған мамандар жаттықтыратын ел құрамасы Семейде өткен Қазақстан чемпионатында анықталды. Спартакиаданы да дүниежүзілік додаға дайындықтың бір сатысы деп есептеуге болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Құлмағамбетов.

Жекелей салмақта мына спортшылар чемпион атанды.

Ерлер: Болатбек Райымқұлов (52 кг, БҚО), Қайырберді Айдынбай (57 кг), Парасат Жұмабай (62 кг, екеуі де Атыраудан), Серікбай Нығмет (68 кг, БҚО), Наурызбек Майлашов (74 кг, Атырау), Руслан Жарқынбаев (82 кг, ШҚО), Әділет Мисин (90 кг), Шыңғыс Шоқпытов (100 кг, екеуі де Ақтөбеден), Темірлан Көлбай ( 100 кг, БҚО).

Әйелдер: Айжан Жылқыбаева (48 кг, Түркістан), Әйгерім Телемгенова (52 кг), Гүлдана Әлмұханбетова (56 кг, екеуі де БҚО-дан), Динара Жұмабаева (60 кг, Алматы облысы), Гүлдерайым Алмағанбет (64 кг, Қызылорда), Мариям Ордабаева (68 кг, Алматы қ.), Ділдәш Күрішбаева (72 кг, Алматы о.), Эльмира Самиғоллаева (80 кг), Қалжан Тайжанова ( 80 кг, екеуі де Атыраудан).

Жауынгерлік самбо: Руслан Қаражігітов (52 кг, Қызылорда), Серікжан Түсіпов (57 кг, Атырау), Қазбек Сұпығалиев (62 кг, БҚО), Ерлан Махмұдов (68 кг, Жамбыл), Дәурен Қамаш (74 кг, Алматы қ.), Темірлан Ихсанғалиев (82 кг, БҚО), Сергей Котин (90 кг, Қарағанды), Әділет Қабулов (100 кг, БҚО) және Сергей Зубков ( 100 кг, Қарағанды).

Спартакиадаға жауынгерлік самбодан әлем чемпионы Темірлан Ихсанғалиев, өткен жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Ділдәш Күрішбаева және басқа айтулы додаларда топ жарып жүрген атақты спортшылардың қатысқанын айта кетейік.