Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, сарапшы өз қорытындысында мәйітте дене жарақаттарының жоқ екенін және өлім себебін шіру өзгерістері салдарынан анықтау мүмкін еместігін көрсеткен. Дегенмен, кейінгі эксгумациядан кейін Астана қаласының сот-медициналық сарапшылары өткізген комиссиялық сараптаманың нәтижесінде мәйітте тірі кезінде алынған бірнеше дене жарақаты, оның ішінде қабырғалар мен тіл асты сүйегінің сынуы анықталды.
М. Жонысов кінәсін мойындамағанымен, мемлекеттік айыптаушы сотта дәлелді және нақты айғақтарды ұсынды.
Сот сарапшының бастапқы қорытындысының шындыққа сәйкес келмей, тергеу органдарын адастырғанын анықтады. Осыған байланысты, сот оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 420-бабы 1-бөлігі бойынша (сарапшының көрінеу жалған қорытынды беруі) кінәлі деп танып, 3 жыл 2 ай 12 күнге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Маңғыстауда науқастың өліміне себепші болған «емші» сотталғанын жазған едік.