ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 5517-әскери бөлім жауынгерлері жоғалған төрт жасар баланы тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан түскен мәліметке қарағанда, құрамында қатардағы жауынгерлер Серафим Ласица, Мұхамед Мағжан, Оразбек Жабай бар әскери топқа қала тұрғыны К.Жұмағазиева төрт жасар туысының жоғалғанын айтып, көмек сұрайды. Топ басшысы С.Ласица сол бойда кезекші, аға лейтенант Мұқат Абсатовқа хабарлап, өздері іздеуге шығады. 15 минуттан кейін аталған топ Құрманғазы көшесі бойынан адасып қалған баланы тауып, ата-анасы мен апасының қолына тапсырады.
Көрсеткен қырағылығы мен өз міндеттерін абыроймен орындағаны үшін аталған жауынгерлер 5517-әскери бөлім командирі тарапынан ынталандырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзен қаласында жоғалған бес жасар баланы тапқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).