ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ер адам «City Center» сауда ойын-сауық орталығына бомба қойылғаны жөнінде жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 102 телефонына бүгін шамамен сағат 16.45-те қоңырау шалынған.
Жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласының 1989 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша ол «бомба» қойылғанын хабарлаған кезде мас күйінде болған.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 273-бабына (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша 5 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол көлемде түзету жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).