Бүгін БҚО ТЖ департаменті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментімен бірлесе отырып, Оралдағы «Сити центр» сауда орталығының қауіпсіздігін тексерді.
Өрт бола қалған жағдайда не істеліп, қандай шаралар алынатыны, адамдардың сыртқа қалай шығатыны, соған орталықтың дайындығы сүзгіден өткізілді.
БҚО ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Төрегелдиев аталмыш орталыққа бұдан бұрын да тексеріс жүргізілгендігін жеткізді. Сол кезде анықталған кемшіліктердің бірқатары орындалған. Алайда орталық өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай сай деп айту қиын.
«Тексеріс бір күнмен бітпей, сауда орталықтары бұдан былай да бақылауда болады. Шара барысында белгілі болған олқылықтар дер кезінде жойылмаған жағдайда сауда орталықтарының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеке кәсіпкерлік деңгейіне қарай 500 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынады. Ең бастысы, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете білуге тиістіміз», деді Е.Төрегелдиев.
«Екі ай мерзімде облыста барлығы 55 нысан тексеріледі. Сонымен қатар жеке білім беру ұйымдарын тексеру көзделуде. Біздің қатысуымыздың себебі - тексерістердің дұрыс өтуін, сонымен бірге кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келмеуін қадағалау. Көпшілікке ортақ мәселе болғандықтан, бұған үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, жұртшылық өкілдері атсалыса алады», деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин.