Оралда сегіз жасар баланы өлтірген күдікті ұсталды

ОРАЛ. 11 наурыз. ҚазАқпарат - 9 наурыз күні түнгі 2-де Орал қалалық ішкі істер басқармасы Зачаган полиция бөліміне Сарытау шағынауданындағы жеке үйлердің бірінен 2004 жылғы баланың өлі денесі табылғаны жөнінде мәлімет түскен.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес өлім тыныс алу жолының қысылу асфиксиясынан, сондай-ақ, бетіндегі, мойнындағы, қолындағы және аяғындағы қанталау мен жырылудан болған. Жәбірленушінің киімі, қан ұйындысы және саусағының тырнағы айғақ зат ретінде алынған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімінің «о» тармағына сәйкес (кісі өлімі) қылмыстық іс қозғалды.

Сол күні аталған қылмыс фактісіне қатысы бар деген күдікпен ҚР ҚІЖК 132-бабына сәйкес баланың 28 жасар туысқан ағасы ұсталды. Олар бір үйде тұрған. Күдікті азамат үйленбеген, бұрын сотталмаған, Орал қаласындағы ЖШС-лардың бірінде дәнекерлеуші қызметін атқарған. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша сот-медициналық, биологиялық сараптама тағайындалып, сондай-ақ дәлелдемелерді бекіту мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.

Тергеу амалдары барысында анықталғанындай, ата-анасы баласын кешкісін ағасының қасына қалдырып, өздері қонаққа кеткен. Ішімдіктен мас болған ағасы інісін өлтірген. Қонақтан келіп, баласының өлі денесін көрген ата-ана сол мезетте жедел жәрдем шақырған. Інісін өлтірген жігіт осы кезде ұйықтап жатқан болып шықты.