ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы әкімдігінде коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін жалға беру құқығын сату бойынша ағылшындық әдіспен аукцион өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қала әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аукционға Орал қаласына қарасты Деркөл кентіндегі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының 1 және 2-кезеңінен 8 жер телімі ұсынылды.
Аукционға барлығы сегіз лот бойынша 14 адам қатысты. Аукцион қорытындысына сәйкес 8 жер теліміне жалға беру құқығы 197 мың теңгеден бастап 1 млн 301 мың теңгеге дейін сатылды.
Айта кетейік, бұл - Орал қаласында өткізілген алғашқы аукцион. Енді кәсіпкерлер сатып алған жерлерін Деркөл кентінің жаңа шағынаудандарындағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес тек өз мақсатына пайдалана алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).