Оралда септикке құлап кеткен 8 жастағы қыз көз жұмды

ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласында 8 жастағы қыз септикке құлап кетті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2018 жылғы қыз баланың жазатайым оқиғаға ұшырағаны жөнінде хабарлама 10 тамыз күні түскен.

Алдын ала мәлімет бойынша бала жер үйдің аумағында орналасқан септикке құлап кеткен.

Қыз бала ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болды.

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлік қағып кеткен 7 жастағы қыздың қаза тапқанын жазған едік.