Оралда шешен әйелінің күні аталып өтілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында Орал қаласында «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы шешен әйелінің күнін атап өтті.

Оған қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың мәлім еткеніндей, бұл күн шешен әйелдері мен қыздарының ерлігі мен намысқойлығына құрмет ретінде аталып өтіледі. Елі мен жерін қорғай білудің қай уақытта да маңызы ерекше. Сондықтан мұндай мерекелер жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін орнықтыру үшін керек.

«Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Данильбек Саратовтың айтуынша, Шешен республикасының басшысы Рамзан Қадыров Шешен әйелінің күнін 2009 жылы белгілеген. Мұның тарихы мынада, 1819 жылы генерал Ермоловтың әскері шешеннің Дади-Юрт ауылын өртеп, 46 әйел-қызды тұтқынға алады. Терек өзенінен өткен кезде олар берілгісі келмей, бәрі суға секіреді. Сондықтан шешен әйелі ұлттың ар-абыройы болып есептеледі. Шешен әйелінің күнімен тек шешен ғана емес, барлық әйелдерді мерекемен құттықтаған жөн. Қазақстанда аналардың өз балаларын аман-есен өсіруі үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, бейбітшілік пен тыныштыққа не жетсін. Мұны қорлық пен азапты көп көрген шешен халқы жақсы түсінеді.

Бөрлі ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, шығармалар да жазатын Мұхтар Боқаев өмірге тіршілік сыйлайтын әйел-ананы сыйлаудың маңызы зор екендігін жеткізді.

РФ-ның Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев Қазақстан мен Ресей арасында достық тамырларының терең екендігіне тоқталды. Қазіргі уақытта да өзара тиімді қарым-қатынас жасалуда. Биылдың өзінде екі ел басшылары алты рет кездесті. Соның ішінде жуырда Астанада өткен жүздесу қос мемлекеттің байланысы берік екендігін тағы бір көрсетіп берді. Вице-консул барлық жиналғандарды мейраммен құттықтай келіп, биыл 25 жылдығын атап өткен «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасына РФ бас консулдігінің құрмет грамотасын табыс етті.

Оралдағы шешен әйелі күні мерекесіне Ақтөбеден «Вайнах» қоғамының өкілдері келіп, өз өнерлерін көрсетіп, шешен ұлттық тағамдарынан дәм татты.