Оралда шетелдік және отандық танымал ғалымдар науқастарға ота жасады

None
ОРАЛ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 12-17 қараша ара­лығында Штуттгарт қала­сын­дағы қасиетті Ольга клиникасының директо­р­ы, профессор, доктор Хеннинг Хойма­н мен Алматы қаласынан келген таныма­л ғалымдар облыстық аурухананың ото­ла­рингологиялық және жақ-сүйек-бет хирургиясы бөлімшесінде науқастарға жоғары деңгейде ота жасады.

Медицина қызметкерлерінің осындай үлкен топпен келіп, қайырымдылық шарасын жасауы тұңғыш рет болып отыр.

Шара қорытындысына орай өткен баспасөз мәслихатында С.Асфендияров атындағы ҚҰМУ-дың балалар жақ-сүйек-бет хирургия­сы кафедрасының меңгерушісі, меди­ци­на ғылымдарының докторы, профес­со­р Клара Шалабаева, Ал­маты қа­ласындағы №5 қалалық аурухана дирек­торының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бержан Оспанов сөз алып, облысқа келудегі мақсаттарымен таныстырды.

-Қайырымдылық жасау - қа­шанда ізгі­лікті іс. Дәрігерлер сіздің облыста осы көк­темде болған қиын жағдайды өз жү­ректерімен сезіне білді. Біз науқас ба­ла­ларға, сол қиын жағдайға тап болған сыр­қаттарға қолұшын беріп, дертіне шипа бол­ғымыз келді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыстық аурухананың басшы­ларымен келісе оты­ры­п, осы мақсатымызды жү­зе­­­ге асыр­ды­қ. Жұмыс жа­сауы­­мызға бар­­лық жағдай жасал­д­ы. Алаңсыз жұмыс істеп, науқас­тар­ды мей­лінше қамтыдық. Ал аурухана­ның ма­териалдық-техникалық жағдайы, медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы, дә­рі­­­герлердің біліктілігі мақ­тауға да, мақтануға да тұ­рар­лық екен, - деп риза­шы­лықтарын білдірді.

Осы топтағы тағы бір таны­мал ғалым - Алматы қала­сын­дағы №5 қалалық аурухананың бала­­лар жақ-сүйек-бет хирургиясы бөлім­шесінің меңгерушісі, профессор Серік Нұр­мағанов. Ғалым өз саласы бойынша теңдесі жоқ көптеген ота жасап, патент иесі атанған. Серік Балташұлы ба­тысқазақстандық сәбилерге жасалған ота кезіндегі бірнеше көрініспен таныстырды. Түрлі себеппен дүниеге мұрын қуысы, құ­лағы бітеу, ерні жырық болып туылған 2-3 жастағы балалардың бейнесі ота жа­салғаннан кейін мүлде өзгеріп, қалыпты жағдайға келген.

Ғалымдар бірнеше күннің ішінде есту қабілетін жақсартатын 41 ота жасаған. 50 (13 бала) науқасқа кеңес берілген. С.Ас­фендияров атындағы ҚҰМУ-дың стоматология және жақ-сүйек-бет хирургия­сы кафедрасының және Алматы қала­сын­да­ғы №5 қалалық аурухананың балала­р жақ-сүйек-бет хирургиясы бөлімшесі ма­мандарының қатысуымен 40 (35 бала) адам кеңес алды. Жұмсақ және қатты таң­дайдағы туа біткен ақауларды жоюға қа­тысты 17 (15 бала) ота жасалған. Олар­дың арасында алты айлық сәбиден бастап, 15 жастағы балаларға дейін бар. Бір айта кететін жайт, балаларға ота тегі­н жа­салған. Ал облыс дәрігерлері үшін ото­ла­рингологиялық және жақ-сүйек-бет хирургиясы бойынша шеберлік сағаты өткізілген.

Халықаралық деңгейдегі ғалымдардың мұндай қайырымдылық шарасы келесі жылы да жалғасатын болады.