Оралда шорт-тректен ел чемпионаты мәреге жетті
Біріншілікке сегіз команда құрамында 177 спортшы қатысып, төрт жас ерекшелігіне қарай сынға түсті.
Жарыс қорытындысында батысқазақстандық шорттрекшілер де жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, аға жастағылар арасында Сұлтан Керей, Айдар Ақтанов, Әлішер Шатықов 2 мың метрлік эстафеталық жарыстан мәреге екінші болып жетті. Орта жастағылардан Есей Ибраев 1 мың метрлік қашықтықта күміс жүлдегер атанса, 500 метрден және 1 мың метрден суперфиналда қола медальға қол жеткізді.
Қыздар арасында Анеля Керей, Ақбота Сағдиева және Рената Кулпердисова 2 мың метрлік эстафетада екінші орынға көтерілді. Кіші жастағылар арасында Шыңғыс Ермек 777 метрлік суперфиналда үшінші орынға ие болды.
Сондай-ақ Шыңғыс Ермек, Әлихан Қанат, Мақсат Уәлиолла және Әлібек Ғұбаев эстафетада күміс медальді жеңіп алды. Кіші жастағы қыздардан Наргиз Омарова сәтті өнер көрсетіп, екі күміске (777 метр, 333 метр) қоса 777 метрлік суперфиналда чемпион атанды. Ол Алина Әжіғалиева, Гүлбағым Қалимен бірге 2 мың метрлік эстафетада да алдына жан салмады. Сол секілді Мақсат Тұрарбеков, Мейіржан Төлеген, Гүлдана Жалмұхан, Мәдина Бекентаева, Наргиза Жұмағалиевалар да жүлдесіз қалған жоқ. Оларды Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовой бастаған мамандар дайындады.
Осылайша, чемпионат қазіргі кезде ел намысын қорғап, әлемдік додаларда жүлде алып жүрген батысқазақстандықтар Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Анита Нагайлардың ізбасарлары өсіп келе жатқандығын көрсетті.