ОРАЛ. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музейлер - халық қазынасы» жобасы аясында Шыңғырлау ауданының көрмесі ашылды.
Көрмеге Шыңғырлау өңірінен сыр шертетін 100-ге тарта жәдігер қойылды. Олардың ішіндегі IX-X ғасырларға тиесілі көне жәдігерлер көпшілік назарын аударады.
Жоба Ақ Жайық өңірінде жұмыс жасап жатқан мемлекеттік және қоғамдық музейлердің рөлін көтеру, музей саласында тәжірибе алмасудың жаңа түрлерін қарастыру және өлкеге, белгілі бір тұлғаға қатысты тарихи тақырыптарды зерделеуге жастарды тарту мақсатында ұйымдастырылуда.
Шараға облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов, Шыңғырлау ауданының әкімі Алдияр Халелов, ауданның құрметті азаматтары қатысты. Көрмені тамашалау 30 тамызға дейін жалғаспақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).