Оралда соғыс және еңбек ардагерлері өнер көрсетті
12:27, 07 Мамыр 2009
ОРАЛ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде майдан әндерінің фестивалі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәдениет үйінің директоры Феликс Баюканскийдің айтуынша, тұңғыш рет өткізілген фестивальге 150-ден астам соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты. Оған тек Орал қаласы ғана емес, Зеленов, Тасқала аудандарынан өнер ұжымдары келді. Әсіресе, Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова мұражай-үйінің жанынан құрылған «Фронтовичка» клубының хоры ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ қалада өтетін шараларға белсене қатысатын Надежда Барт жетекшілік ететін «Зенит» зауыты ардагерлерінің хоры, «Әжелер сәлемі» қоғамдық бірлестігінің әншілері де өз биіктерінен түскен жоқ.
Аталмыш фестивальге қатысқандардың бәріне дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.