Оралда соңғы кезде автомашиналарды айдап кету көбейіп отыр

None
ОРАЛ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда автомашиналарды айдап кету көбейіп отыр, тек соңғы аптада осындай үш оқиға тіркелді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке сілтеме жасап.

Наурыздың 29-ынан 30-ына қараған түні Теректі ауданы тұрғынының автобекет маңына қойған «ВАЗ-2101» көлігі қолды болады. Шұғыл іздестіру жұмыстары нәтижесінде қала тұрғыны, 31 жасар әйел ұсталып, көлік иесіне қайтарылды. Сәуірдің 1-і күні түнде 1980 жылғы Ю. деген азаматшаның «Фольксваген Вента» автоарғымағын айдап кеткен 36 жасар Е. де құтылмады. Сол түні Вагонная көшесінде «Акватория» кешені аумағынан «Митсубиси-Кольт» автокөлігі (мұның да иесі - әйел адам) «жоғалып», келтірілген шығын 600 мың теңгені құрады. Жедел шаралар көлікті қымқырған бұрын ұрлығы үшін істі болған 28 жасар Б. мен сотталғанына қоса нашақор деген «атағы» бар Ч. екенін анықтап берді.