ОРАЛ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - 30 наурыз күні Орал қаласы ІІБ-нің жедел іздестіру бөлімі телефон алаяқтығы фактісі бойынша қылмыстық істі ізін суытпай ашты.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, сол күні сағат 11.30-да белгісіз біреулер өздерін телефонмен полиция қызметкерлеріміз деп таныстырып, алдау арқылы 75 жастағы зейнеткердің 100 мың теңге көлемінде ақшасын қолды қылған. Алаяқтардың бүгінгі таңда бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатқан Ақсай қаласының 25 жастағы және Орал қаласының 22 жастағы тұрғындары екендігі белгілі болды. Жазасын өтеуші «қарап жатпай», зейнеткерге телефон шалып, оның ұлын полиция қызметкерлері ұстап алды деп, зейнеткерге ақшалай сыйақыға «көмектеспекші» болады. Ал зейнеткерден ақшаны алуға оның сыбайласы келеді. Осы тұста сыбайласын полиция қызметкерлері құрықтайды.
Қазіргі кезде екі бірдей алаяқтың облыс көлеміндегі басқа да телефон алаяқтығы фактісі бойынша қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).