ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Президенттің «Әлеуметтік бес тапсырмасы» аясында студенттерге арналған қос бірдей жатақхана салу көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Оралда жатақхана тапшылығы сезілуде. Екі мыңнан астам студентке жатақхана қажет болса, соның 500-і М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне тиесілі. Қазіргі кезде жер телімі әзірленуде. Сол секілді колледж шәкірттеріне де бір жатақхана керек. Жатақханалар құрылысын биыл бастап, алдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Бұл өзге өңірлерден, сондай-ақ аудандардан келген студенттерді жатақханамен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, облыста қолжетімді баспана кезегінде 22 мың адам тұрса, соның 19 мыңы Орал қаласында. Оған қоса 56 мың тұрғын - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары. Елбасы тапсырмасына сәйкес осы әлеуметтік мәселені шешу мақсатында биыл 21 көпқабатты, сонымен қатар аудандарда 100-ге жуық тұрғын үй салынбақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).