Оралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 640-тан астам өтініш қабылданды

Фото: Фото: "Азаматтарға арналған үкімет" МК БҚО филиалы

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы аумағында су тасқынымен күреске 1 016 адам, 413 арнайы техника жұмылдырылған.

Орал қаласы әкімдігінің хабарлауынша, соның ішінде жеке құрамнан 860 адам, 5517-әскери бөлімінен 60 сарбаз, басқа өңірлерден келген ТЖ министрлігі күштерінен 96 қызметкер тартылған. 

Су тасқыны басталғаннан бері құм толтырылған 220 мың қап дайындалды. 

Қазіргі таңда Жайық пен Шаған өзені жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бөгендердің жалпы ұзындығы 9 500 метр болса, соның 4 800 метрі қауіпті деп есептеледі. Осындай жерлерде 62,5 мың қап төселді. Бұған 587 адам 126 техникамен атсалысуда. 

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 12 эвакуациялық пунктте 1 549 адам орналасқан. Су тасқынымен күреске жұмылдырылған адамдармен қатар эвакуацияланған тұрғындарға үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. 

Қауіпсіз жерлерге 72 бас ірі қара, 31 қой-ешкі, 8 жылқы айдалып, мал азығымен қамтылды. 

«28 наурыз күні Орал қаласы әкімінің қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге залалды өтеу үшін комиссия құрылды. Күні бүгінге дейін 641 өтініш түсті. Бұдан бөлек, қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 5-3 шешіміне сәйкес зардап шеккендерге 50 АЕК көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде 6 адамға төленген. Сонымен қатар Орал қаласы ТЖ басқармасының қызметкерлері Коминтерн және Курени аудандарында үлкен су келген жағдайда тұрғындарға көшуге дайын болуы керектігі туралы хабарлама таратты. Барлығы 304 үй қамтылып, 165 хабарлама берілді. Ал 1, 2, 3-саяжай қоғамдастықтары аумағында тұратындардың негізгі бөлігі қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қалған ер адамдар өз үйлерін ұрылардан күзетуде», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО дәрігерлері Астанаға баруы тиіс жүкті келіншекті босандырып алғанын жазған болатынбыз. 

Оралда эвакуациялық пунктте тұрып жатқан келіншек төртінші баланың анасы атанды.