ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда суға батып кеткен алты жасар баланың қалай қаза тапқаны белгілі болды.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, оқиға 25 шілде күні «Арна» демалыс базасында болды.
Суға батып кеткен алты жасар ұл баланы құтқарушы алып шыққан. Жедел жәрдем келгенге дейін маманның көмегімен жансақтау шаралары жүргізілген.
Орал қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Дияс Жайлаубайұлының нақтылауынша, бала өте ауыр жағдайда, ІІ-ІІІ сатыдағы комада түскен. Оттегі мөлшері (сатурация) 0 пайыз болған. Қан қысымы айқындалмады, тынысы әлсіз болды, өкпесі суға толып кеткен.
Дәрігерлер жансақтау іс-шараларын жүргізіп, баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосқанына қарамастан, оң динамикаға қол жеткізілмеді. Бала келесі күні таңда көз жұмды.
Қазіргі кезде оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үш жасөспірімнің суға кетіп қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).