ОРАЛ. ҚазАқпарат - №1 құтқару бекетінің қызметкерлері 7 шілде күні қалалық саябақ ауданында ата-анасының қарауынсыз шомылып жүрген 2010 жылғы қызды суға кетуден аман алып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің өкілі Нұргүл Мұқанованың хабарлағанындай, қазіргі кезде қыздың жағдайы қалыпты.
Жедел құтқару жасағы суға шомылу маусымы басталғаннан бері осымен он адамды құтқарды.
Еске сала кетейік, 6 шілде күні Жәнібек ауданынан облыс орталығына оқуға түсуге келген 1999 жылғы қыз Оралдағы «Светлячок» турбазасы ауданында Деркөл өзеніне батып кеткен болатын. Облыста 2015 жылы - 29 (13-і - балалар), өткен жылы 20 адам (9-ы - балалар) суға кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).