Оралда суға кеткен 2600-ден астам тұрғын үйге техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда су тасқынына байланысты келтірілген материалдық шығынды есептеу жөніндегі қалалық комиссияның кезекті 10-отырысы өткізілді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін 10 мыңнан астам материал қаралып, 400 тұрғынды үймен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. Оның сөзіне қарағанда, жалғыз баспана деп танылған 4500-ден астам үйдің 2600-ден астамына техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді.
«Сонымен қатар бүлінген мүлікті бағалау жөнінде 10 мыңнан астам өтінім түсті. Қазіргі таңда 2500-ден астам үй бойынша мүлік бағаланып, тиісті төлем жүргізіліп жатыр. Басқа саяжай үйлері бойынша да техникалық тексеру және мүлікті бағалау жұмыстары жалғасып жатыр», - деді А.Халелов.
Орал қаласында осы кезге дейін саяжайдағы жалғыз үйін су басқан 71 отбасына баспана берілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда баспанасы суға кеткен саяжай тұрғындарына 62 үй берілгенін жазған болатынбыз.