Оралда су құбырында тағы да апат болды

Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде диаметрі 160 мм су құбыры жарылды.

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның мәліметіне қарағанда, оқиға 23 қыркүйек күні сағат 08.00-де болды.

Аталмыш құбыр арқылы М.Мөңкеұлы көшесіндегі 108/5 және 108/6-мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты екі үй (360 абонент) сумен қамтамасыз етіледі.

— Апатты жою жұмыстарын кепілдік міндеттемелер арасында «Жайық сити» ЖШС жүргізеді. Бұл мекеме Орал қаласы құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша инженерлік желілерді тартумен айналысады. Апатты қалпына келтіру жұмыстары кезінде салқын су беруде үзілістер болуы ықтимал, — деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар «Батыс су арнасы» ЖШС Әзербайжан көшесінде диаметрі 400 мм жаңа су құбырын іске қосуға байланысты 24 қыркүйек күні шамамен сағат 11.00-ден бастап 25 қыркүйек сағат 05.00-ге дейінгі мерзімде бірқатар мекенжайға салқын су беру тоқтатылатынын хабарлады.

Атап айтқанда, Әзербайжан, Т.Бигелдинов көшесі, 25-Чапаев дивизиясы көшесі, 23, Байтақ 2/2 (БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті), «Балауса» шағынауданы уақытша сусыз қалмақшы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын құбырдағы апат салдарынан Оралдың бір бөлігі сусыз қалғанын жазған едік.