Оралда суретшілердің «Алтын күз-2012» көрмесі ашылды
13:32, 17 Қараша 2012
ОРАЛ. 17 қараша. ҚазАқпарат - Орал қалалық көрме залында оралдық суретшілердің дәстүрлі «Алтын күз-2012» көрмесі ашылды.
Көрмеге отыздан астам суретшінің аталмыш өнердің бес бағыты бойынша іріктелген 68 жұмысы қойылған. Әсіресе, мүсіншілер Сергей Зинин мен Ерғали Бекешев, суретшілер Қайыр Оразғалиев, Нұртай Жәрдемов, Шариф Халелов және басқаларының туындылары ерекше назар аудартады.
Қазақстан Суретшілер одағы облыстық бөлімшесінің төрағасы Қайыр Оразғалиевтің пікірінше, көрмеде лайықты жұмыстар баршылық.
Көрме осы айдың аяғына дейін тұрмақ. Ал 13 желтоқсанда қорытындылары шығарылып, бес аталым бойынша үздіктер марапатталатын болады.