ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында коллекторды қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
29 мамыр күні кешкісін Деркөл ауылындағы №19 кәріз сорғы стансасындағы диаметрі 800 км кәріз құбыры жарылып, істен шыққан еді.
Соған байланысты қаланың солтүстік-шығыс бөлігі, 120 мыңға жуық тұрғын сусыз қалды. Бұл күннің ыстық уақытында тұрғындарға оңай тиген жоқ. Оларға су жеткізіп беру жұмыстары атқарылуда.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов Инстаграмдағы парақшасында мәлім еткендей, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның күшімен түнгі жұмыс нәтижесінде аталған учаскеден 5500 текше метр су сорылды.
«Бүгін таңнан бастап құбырды демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін адапторы бар металл құбыры салынады. Құбыр ауыстырылып, көмілгеннен кейін су қосылады. Суды бүгін қосу үшін бар күш жұмсалуда», деп хабарлады Алтай Көлгінов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда коллектор жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).