Оралда су тасқыны кезінде салынған құм толы қапшықтар жиналып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында су тасқыны кезінде салынған бөгет үйінділерін жинау, аумақты ретке келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Фото: видеодан алынған кадр

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткендей, қазіргі кезде Шаған өзені бойындағы бөгет үйінділері, құм салынған қапшықтар жиналуда. 

«Бұған аумақтық қорғаныс қызметкерлері жұмылдырылды. Аталған жұмысқа күн сайын 10 арнайы техника тартылған. Алдағы уақытта қаланың өзге де аудандарында осындай тазалық жұмысы жүргізілмек» деп хабарлады ведомстводан.

Қалада күні бүгін су басқан саяжай үйлерін техникалық тексеруден өткізу, мүліктік бағалау жұмыстары жалғасып жатыр. 

Оралдағы эвакуация пунктерінде 2 мыңдай адам тұрып жатыр.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, саяжайдан су сору жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда суға кеткен 2600-ден астам тұрғын үйге техникалық тексеру жұмыстары жүргізілгенін жазған болатынбыз.