Оралда тағы бір мектеп іске қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда 600 орындық №48 мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Деркөл кентіндегі жаңа білім ошағының ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, аталмыш мектеп Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерді. Бұл - Оралда жыл басынан бері іске қосылған екінші мектеп.



«Мемлекет басшысы тарапынан білім саласына ұдайы көңіл бөлініп келеді. Тек біздің өңірді айтқанның өзінде, соңғы үш жылда білім бюджеті 20 млрд теңгеге артты. 2015 жылы 47 млрд теңге болса, 2016 жылы 57 млрд, өткен жылы 65 млрд теңгеге жетті. Биылғы жылға да жоба-жоспарларымыз баршылық. Басты мақсат - білімді ұрпақ тәрбиелеу. Алдағы уақытта Орал қаласы ғана емес, Бөкей ордасы, Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарында да жаңа мектептер ашылады. Сонымен қатар жаңартылған білім мазмұнына көшкен мұғалімдердің еңбекақысы көбейтіліп, білім сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады», деді өңір басшысы.



Айта кетейік, 2016 жылдың қараша айында құрылысы басталған аталмыш нысанға 1255,6 млн астам теңге бөлінген еді. Бұрын осы «Көкжиек» шағынауданындағы балалар №12 мектепте оқып келсе, енді іші-сырты келіскен заманауи ғимаратта білім алмақ.



Жаңа мектепке 500 шәкірт, шағын орталыққа 100 бүлдіршін қабылданбақ. Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метр ғимаратта 56 кабинет, кітапхана, қос шеберхана, спорт залы, 200 орындық мәжіліс залы, радиоторап кабинеті, 130 орындық асхана бар.