ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше сағат 18.00 шамасында Зачаган кентіндегі №20 мектеп ауданында №7 бағытпен жүретін автобус Жәңгір хан көшесі бойында Opel Frontera автокөлігімен соқтығысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалиұлының айтуынша, барлығы төрт адам медициналық қызметке жүгінген. Соның екеуі облыстық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Біреуінде жабық бас-ми жарақаты болса, екіншісінің қабырғалары сынған. Қабырғалары сынған адам әуелі жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болып, бүгін бөлімшеге ауыстырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 24 тамыз күні сағат 08.40 шамасында Жәңгір хан көшесі бойында, Шаған өзенінен өтетін көпірге таман №7 автобус №5 автобустың артынан түйіп, 75 адам жарақат алған болатын.
Жол бойындағы кептелістің жиілеуіне жөндеу жұмыстары да әсер етуде. Мысалы, біраздан бері орташа жөндеу жүргізіліп жатқан Жәңгір хан көшесінің Әзірбайжан көшесінен Пугачев көшесіне дейінгі бөлігі бүгін үш күнге жабылып, Зачаган кентінің тұрғындары Деркөл арқылы қалаға қатынауда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).