БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 тамыз күні қаладағы үйлердің бірінде сағат 10.00 шамасында 1971 жылғы әйелдің мүрдесі табылған. Оның 2001, 2002 және 2003 жылғы балалары облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген.
Аталған дерек ҚР ҚК 304-бабы 2-бөліміне (абайсызда адам өліміне соқтырған санитарлық ережені немесе гигиеналық талапты бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы көп ұзамай белгілі болмақ.
Орал қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, 22 тамыз күні таңертең марқұмның үлкен ұлы Нұрбол, кешкісін Саит, 23-інде қызы Шаһарбану ауырған. Олардың барлығы 19 тамыз күні үйде әзірленген мантымен үш күн бойы, сақталу мерзімін ескермей, тамақтанған. Оған қоса үш күн бойы ауырса да, медициналық көмекке жүгінбеген. Жедел көмекті Шаһарбанудың өтініші бойынша көршісі шақырған.
28 тамыз күні Нұрбол мен Саитқа сальмонеллез, ал 6 қыркүйекте Шаһарбануға этиологиясы нақтыланбаған жіті ішек жұқпасы диагнозы қойылды.
Қазіргі таңда Саит пен Шаһарбану сауығуына байланысты шығарылып, ал Нұрбол әлі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.