Оралда тасқыннан жапа шеккендерге арналған үйлер қалай салынып жатыр

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылған саяжай тұрғындарына арналып салынып жатқан жеке тұрғын үйлерді 1 қыркүйекке дейін бітіру көзделіп отыр.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің мәлім еткеніндей, шаһар бойынша барлығы 374 үй бой көтеруде.

Фотода Азамат Халелов. Түсірген Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Атап айтқанда, «Жұлдыз» шағынауданында — 191, Деркөл кентінде — 101, Зачаганда 82 үй салынып жатыр. 

«Биыл су тасқыны зардабына байланысты қала бойынша 10 мыңнан астам тұрғыннан өтінім келіп түскен болатын. Соның ішінде 2 600 саяжай тұрғынының үйі жалғыз баспана деп танылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі компаниялар мен банктердің есебінен пәтерлерді сатып алып беру және тұрғын үйлерді жаңадан салу жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгінге дейін 1 300-ге жуық тұрғынға пәтерлер сатып алынып берілді», дейді Азамат Ерғалиұлы.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Оның айтуынша, қаланың үш ауданында салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысы 60-70 пайызға атқарылды. Мұның бәрін 1 қыркүйекке дейін бітіру жоспарлануда. 

«Үйлерді салып жатқан мердігерлердің бәрі де — жергілікті компаниялар. Олар құрылыс материалдарының басым көпшілігін жергілікті жерден алуда. Құрылысқа 1 мыңға жуық жұмысшы, 200-дей техника жұмылдырылған. Оған қоса инженерлік желілер тартылып, жаңа баспаналар электр жарығы, су, газбен қамтылады. Ауыр техникалардың жұмысы біткеннен кейін көшелерге ұзындығы 10 шақырымдай асфальт жол төселеді», дейді А.Халелов.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қала әкімі орынбасарының сөзіне қарағанда, жеке тұрғын үйлерге негізінен көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі тұрғындар орналасатын болады.

Баспананың бәрінің жобасы бірдей — ауданы 80 шаршы метр. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Жаңа қоныстарға мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар қаншалықты жақын екендігі де маңызды. 

«Жұлдыз» шағынауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 200 орындық жаңа мектеп салынатын болады. Осы маңда жеке балабақша бой көтеруде. Қазіргі кезде қалада Зачаганда «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде тұратын оқушылар үшін медколледж ауданында, сондай-ақ «Балауса» шағынауданында және Деркөлде үш мектеп құрылысы жүріп жатыр. Болашақта қаланың түрлі аудандарында тағы да 6 мектеп тұрғызылады», деді А.Халелов. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Тағы бір атап өтер жайт, мердігерлер тұрғын үйлер сапасына екі жыл мерзімге кепілдік береді. Ақау болған жағдайда жөндеп беруге міндетті.

Мердігерлердің бірі, «Энергоремсервис» ЖШС директоры Асқар Ликеров өздері салып жатқан 24 үйді мерзімінде бітіретіндерін жеткізді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Құрылысқа 150-дей жұмысшы, 10 техника тартылған. Қазіргі кезде сылау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Құрылысшылар таңғы сағат 6-да келіп, кешке дейін жұмыс істейді. Қауіпсіздік техникасы да сақталады. Құрылыс мерзімі қысқа болғандықтан, материалдардың дені жергілікті жерден алынуда. Компания керамзит блокты өндіретіндіктен, кейбір өнімдер өзіміздікі. Құрылысшылар 300 мың теңгедей жалақы алады. Кесімді еңбекақы да төленеді», А.Ликеров.

Фотода Асқар Ликеров. Түсірген Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Жұлдыз» шағынауданында жаңа баспананың суға кетуі мүмкін бе? деген сауалға компания директоры бұл мәселенің де ескерілгенін жеткізді.

«Шаған өзені жақын болғанымен, бұл ауданды су баспайды. Оған қоса үйдің іргесі жерден биіктеу етіп тұрғызылуда. 5 сотық ауласы бар үйлердің болашақ иелері құрылыс барысын көріп кетуде. Олар да жаңа баспанасы болатынына қуанышты», деді А.Ликеров.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында үйлері суға кеткен 80 отбасы баспаналы болғанын жазған едік.