Оралда татар этномәдени бірлестігінің күні мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Достық үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдығына және Ғ.Тоқай мұражайының 10 жылдығына арналған татар этномәдени бірлестігінің күні «Шигьрият бәйрәме» атты театрландырылған мерекелік бағдарламамен мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осының алдында Ғабдолла Тоқайдың туындылары бойынша «Тукайның монлы сазы» атты балалар мен жасөспірімдер арасында мәнерлеп оқушылар байқауы ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында М.Файзи атындағы Орынбор мемлекеттік татар драма театры «Хрустальды Кәрім» театр фестивалінің бас жүлдегері Айгүл Ахметғалиеваның пьесасы бойынша татар тілінде «Ул бит кичә иде» спектаклін қойған еді.
Қорытынды шара есебінде өткізілген «Шигьрият бәйрәме» мерекесінде мәнерлеп оқушылар сайысының жеңімпаз-жүлдегерлері түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Шараға 7-17 жас аралығындағы сексеннен астам өнерлі жастар қатысты. Татар тілінде де өлеңдер оқылып, шырайлы жыр кешіне айналды.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың айтуынша, мұндай кештер түрлі ұлт өкілдері арасындағы ынтымақты нығайта түседі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай биыл өңірде 2 мыңнан астам шара өткізілді. Облыста 51 этномәдени бірлестік болса, олардың жұмысына 7 мыңдай адам белсене араласады. Жыл аяғына дейін жоспарланған шаралар да баршылық.
Айта кетейік, татар этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылған. Облыста 9 мыңға жуық татар бар, олар түрлі салада еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді.