Тәуелсіздік мерекесіне орай Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өткен сайысқа Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысының оқушы ақындары мен белгілі жас айтыскерлер қатысты.
Айтыстың басты ерекшелігі, сахнада төселген айтыскерлер (тәлімгерлер) мен өнерге енді қадам басқан оқушы және жас ақындар бақ сынады. Сайыс талабына сәйкес тәлімгерлер айтысқа жүлдеден тыс қатысты.
Ақындар Тәуелсіздік тақырыбын жырға қосып, елдік мәселелерді қозғады.
Қазылар алқасының шешімімен қаратөбелік Райымбек Өтепов пен оралдық Әділ Ахметов бас жүлдеге ие болды. Айтыстың арулары, ақтөбелік Сағыныш Смет пен теректілік Нұрдана Темір екінші орыннан көрінді. Сырымдық Нұрым Амангелді мен ақжайықтық Абзал Наурызғали үшінші жүлдені өзара бөлісті. Жас ақындар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұлық мерекемен құттықтап, айтысты ұйымдастырушыларға шаһар басшысы атынан алғысын жеткізді.
Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла айтыстың демеушілері, Орал қаласы ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиевке, «Marhaban» шығыс асханасы кафесінің иесі Әсет Сұлтанұлы, жеке кәсіпкерлер Айбат Мырзағалиев пен Азамат Амангелдіұлы, Құдайберген Сұлтанияровқа алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Айтыста өңірге танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, домбырадан күй төкті.