БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, жаңа мектепті 14 желтоқсанда ашу жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде ғимараттың құрылысы 99 пайызға аяқталған. Тек ішін жинау, сырлау, линолеум төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Ә.Антазиевтің сөзіне қарағанда, пандемияға және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мектеп құрылысы үш айдай уақытқа кешікті.
«Жыл сайын мектептер құрылысына облысқа 2 млрд теңге бөлінеді. Мысалы, 600 орындық мектепті салу үшін 2,2 млрд теңге керек. Сондықтан облыстағы апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешу үшін жеке инвесторлар да тартылуда. Осы бағытта Оралдағы №31 орта мектеп құрылысын «Қазхол» ЖШС қолға алды. Оны келесі жылдың аяғына дейін салып бітірмек», деді Ә.Антазиев.
Күні бүгін барлық қаржы көздері есебінен облыс бойынша 10 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде екеуі республикалық бюджеттен берілетін субвенция есебінен, төртеуі «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламася аясында, екі мектеп жергілікті қазына қаржысына, тағы екеуі жеке инвестиция арқылы бой көтеруде. Бұлардың төртеуі облыс орталығында, алтауы аудандарда орналасқан.
Биыл 8 мектептің құрылысына барлығы 4 860,7 млн. теңге қаражат бөлінді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да пайдаланылмай жатқан 174 мың гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын, 418 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.